Несиесін кешіктіріп өтеп жүргендерге жаңа тұтынушылық несие беруге тыйым салу ұсынылды

740

Әзірге бұл заң жобасы ғана. 

Несиесін кешіктіріп өтеп жүргендерге жаңа тұтынушылық несие беруге тыйым салу ұсынылды Фото: gov.kz

Мәжіліс несие беру кезіндегі тәуекелдерді азайту және қарыз алушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша жаңа заң жобасын жұмысқа қабылдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

“Заң жобасы несиелер бойынша азаматтарға мерзімі өткен несиелері бар болса жаңа тұтынушылық кредиттер беруге тыйым салуды, несие бойынша мерзімі 90 күннен асатын барлық кредит бойынша сыйақы есептеуге тыйым салуды, банктердің және микроқаржылық ұйымдардың коллекторлық агенттіктерге азаматтардың кредиттерін сатуына шектеу қоюды, коллекторлық агенттіктердің сатып алынған берешекті реттеуді жүргізу міндетін енгізуді, тұтынушылық банктік қарыздың мерзімі, сомасы және өзге де шарттары бойынша шектеулер белгілеуді көздейді.

Сондай-ақ, кәмелетке толмаған балалары бар отбасыларды жылыту маусымында жалғыз тұрғын үйден шығаруға тыйым салуды, банктерге өндіріп алу нәтижесінде банктің меншігіне өткен тұрғын үйді бұрынғы иесіне (қарыз алушыға) жалға беруге мүмкіндік беруді, төлем талабын қойған кезде банктік шотта кемінде ең төменгі күнкөріс деңгейінің 2 мөлшерінде ақшаны сақтауды, кредит алудан ерікті түрде бас тартылған жағдайда азаматтардың кредиттері бойынша борышты есептен шығаруды және мерзімді қызметтегі әскерилер үшін сыйақысыз несиелер бойынша міндетті кейінге қалдыруды енгізуді көздеп отыр”, - деді құжатты таныстырған депутат Татьяна Савельева.

Бұдан басқа заң жобасында Қылмыстық және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстерге өзгерістер енгізуді көздейтін нормалар да бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу