Netflix компаниясы Warner Bros-ты сатып алу туралы келісімнен шықты

180

Paramount конгломераты Warner Bros-қа экономикалық тұрғыдан тиімді мәміле ұсынған. 

Netflix компаниясы Warner Bros-ты сатып алу туралы келісімнен шықты Фото: BBC

Netflix стримингтік платформасы Warner Bros. Discovery кино бизнесі мен оған тиесілі HBO Max стримингтік сервисін сатып алу туралы келісімнен шықты. Бұл туралы Netflix-тің бас атқарушы директорлары Тед Сарандос пен Грег Питерстің бірлескен мәлімдемесіне сілтеме жасаған The New York Times басылымы жазды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты DW агенттігіне сілтеме жасап.

Белгілі болғандай, Warner Bros. Discovery Paramount компаниясынан түскен ұсынысты былтырғы желтоқсанда Netflix-пен жасалған келісімге қарағанда тиімді деп есептеген. Netflix бұл келісімшарт бойынша әр акция үшін 27,75 доллар төлеуі қажет болған. Компанияның қарызын қоса алғанда Warner Bros. Discovery-дің жалпы құны 82,7 млрд долларға бағаланған.

Бұған дейін Paramount компаниясы Warner Bros. Discovery-ге жаңа мәміле ұсынғаны айтылды. Олар әр акция үшін 31 доллар беруге дайын болған. Осылайша келісімнің жалпы құны 111 млрд долларға жетуі мүмкін.

Netflix-тің бас директорлары мәміленің қаржылық тұрғыдан тартымды емес екенін жеткізген. Егер Paramount-пен мәміле жасалса, компания Netflix-ке 2,8 млрд доллар мөлшерінде өтемақы төлейді. Себебі Warner Bros. Discovery бұл соманы қазіргі келісімді үзу үшін беруі тиіс. 

Warner Bros. Discovery компаниясының Голливудта соңғы бір ғасырда түсірілген фильмдер мен сериалдардың мұрағатына иелік етеді. Сонымен қатар оған "Гарри Поттер", "Сақиналар әміршісі", "Тақтар ойыны" секілді әлемге әйгілі франшизалар, HBO Max стримингтік сервисі, CNN және Discovery телеарналары тиесілі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу