Нидерланд Орталық банкі АҚШ пен Канададан 86 тонна бағалы металды алып кетті. Қазір Солтүстік Америкадағы көршілес елдердің арасы ушығып барады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Сауда текетірестері мен әскери қақтығыстар көбейді. Сол себепті бұл жақта алтын қоры мен ақша ұстау күмәнді болып барады. Орталық банктер өздеріне тиесілі алтынды сақтау орындарын әртараптандыруға тырысады. Қырғи-қабақ соғысы кезінде біраз еуропалық банк алтын қорының бір бөлігін Нью-Йоркке көшірген. Бірақ жаһандық тәртіп сәт сайын өзгеріп жатыр. Елдер осыған дейін ұстанып келген ережелерді қайта қарауға мәжбүр.
Нидерландтың қорында шамамен 600 тоннадан астам алтын бар. Тең жартысын АҚШ пен Канадада сақтайтын. Таяуда соның 86 тоннасын Солтүстік Америкадан Лондонға көшіріп алды. Бұған жарты жылдай уақыт кетті. Қазір Вашингтон мен Оттава бір-біріне тарифтер жариялап, екі ел арасындағы сауда соғысы өршіп барады. Нидерландтың Орталық банкі бұл қадамға кез келген дағдарысқа дайын болу үшін барғандарын мәлімдеді.
– Соғыс пен сауда шиеленістері алтынды көшіріп алу туралы шешімге әсер ететін жалғыз себеп емес. Бұл ретте инфляция, пайыздық мөлшерлемелер және алтынды қажет болған жағдайда тез арада айырбастауға болатын жерде ұстау мүмкіндігі де маңызды. Мен алдағы уақытта қандай да бір ауқымды дағдарыс болады деп ойламаймын. Мемлекеттер бар болғаны өздерінің резервтік активтерін көбейтуге және тиімдірек басқарып, пайдалануға ұмтылады, – деді Дүниежүзілік Алтын кеңесінің аға сарапшысы Джозеф Каватони.
Биыл Франция АҚШ-тан 129 тонна алтын резервтерін елге көшіріп алды. Бұл бастаманы жыл басында Германия да көтерген еді. Бүгінде неміс алтын қорының 37 пайызы – Нью-Йоркте.