Нидерландыда динозавр тінінен алынған материалдан жасалған сөмке 500 мың еуроға сатылмақ

172

Ғалымдардың пікірі екіге бөлінді.

Нидерландыда динозавр тінінен алынған материалдан жасалған сөмке 500 мың еуроға сатылмақ Фото: belta.by

Амстердамда Tyrannosaurus rex динозаврының қалдықтарынан алынған коллаген негізіндегі материалдан тігілген сөмке таныстырылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты ТАСС агенттігіне сілтеме жасап. 

Reuters агенттігінің жазуынша, 11 мамырға дейін көгілдір түсті бұйым Art Zoo мұражайында динозавр макетінің астында қойылады. Кейін ол аукционға шығарылады. Оның бастапқы бағасы 500 мың еуродан жоғары болады деп күтілуде. 

Әзірлеушілер бұл материал ежелгі ақуыз фрагменттері негізінде жасалғанын айтады. Олар қалдықтардан алынып, жануар жасушаларына енгізілген, сол арқылы коллаген алынған. Кейін бұл коллаген өңделіп, тері материалына айналдырылған.

The Organoid Company компаниясының басшысы Томас Митчелл материалды әзірлеу кезінде "техникалық қиындықтар болғанын" айтып отыр. Бұл жоба зертханада өсірілген терінің дәстүрлі материалдарға экологиялық тұрғыдан тиімді балама бола алатынын көрсетуге бағытталған. Бұл ретте жобаға VML, Lab-Grown Leather компаниялары атсалысты.

Кейбір ғалымдар "тираннозаврдың терісі" деген атауға күмәнмен қарайтыны да белгілі болды. Амстердамдағы университет палеонтологы Мелани Дьюринг динозавр сүйектерінде сақталған коллагеннің тек шағын фрагменттер түрінде кездесетінін, бұл толыққанды тері жасауға жеткіліксіз екенін мәлімдеді. АҚШ-тың Мэриленд университетінің ғалымы Томас Холц та осы пікірді қолдап отыр. Оның сөзінше, қазба қалдықтарынан анықталған коллаген көбіне сүйек тінінен алынады және оның теріге тән құрылымдық ерекшеліктері болмайды.

Митчелл әріптестерінің сынына жауап бере отырып, жоба "ғылыми зерттеудің ажырамас бөлігі" екенін жеткізді. Оның сөзінше, бұл жоба динозавр қалдықтарынан алынған коллаген негізінде материал жасауға өте жақын нәтиже берген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу