Nike және Adidas компаниялары үшін кроссовкалар тігетін тайваньдық Pou Chen өндірушісі Вьетнам қаласы Хошиминдегі зауытының жұмысын тоқтатты, деп хабарлайды Inbusiness.kz Reuters агенттігіне сілтеме жасап. Мұндай шешімді қабылдауға өндірістік орталықта індеттің өршуі себеп болып отыр.
Pou Chen бөлімшесі – 56 мың адамды жұмыспен қамтып отырған ең ірі кәсіпорын. Коронавирус дертін жұқтырудың 49 фактісі тіркелген кезде, Вьетнамның денсаулық сақтау министрлігі компанияның жұмысын 10 күнге тоқтатуға міндеттеді. Зауыттың жабылуы спорттық және күнделікті аяқ киім шығаратын компания акцияларының арзандауына әкеліп соқты. Pou Chen бағалы қағаздарының бағасы шамамен 1,3 пайызға төмендеді.
Негізі, Вьетнам індетті дер кезінде тежей білген елдердің қатарында болған еді. Бірақ 2021 жылдың сәуір айының соңынан бастап бұл ел шектеулерді қысқартқаннан кейін, елдегі науқастардың саны арта бастады. Десе де басқа елдермен салыстырғанда мұнда вирус жұқтырғандардың саны әлдеқайда аз. Осы күнге дейін 36 мың адам ауруға шалдығып, 130 тұрғын қаза тапқан.
Табиғат Нұрболат