Венесуэла президенті Николас Мадуро АҚШ президенті Дональд Трамппен шамамен он күн бұрын телефон арқылы сөйлескенін растады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Анадолы агенттігіне сілтеме жасап.
Мадуро АҚШ басшысымен әңгіме жақсы өрбігенін айтты.
"Иә, біз шынында да президент Трамппен телефон арқылы сөйлестік. Әңгіме ашық түрде өтті деп айта аламын. Егер АҚШ президенті мен Венесуэла президентінің келіссөзі өзара құрметке негізделген диалогқа қадам болса, онда мұны құптаймын. Біз диалог пен бейбітшілік үшін мүмкіндік іздеуден ешқашан бас тартпаймыз", – деді Венесуэла президенті.
Miami Herald газетінің хабарлауынша, әңгіме барысымен таныс дереккөздер телефон арқылы болған келіссөздің тез арада тығырыққа тірелгенін хабарлаған.
Қос тараптың әңгімесі АҚШ пен Венесуэла арасындағы шиеленістің ушығуы аясында, Мемлекеттік департамент Мадуро басқарады деп саналатын Cartel de los Soles ұйымын террористік ұйым деп жариялағаннан бірнеше күн өткен соң өтті.
Өз кезегінде Дональд Трамп телефон арқылы болған әңгіме туралы толыққанды мәлімет беруден бас тартты.
"Мен бұл туралы пікір білдіргім келмейді, Иә, біз сөйлестік. Әңгіме жақсы не жаман өтті ме деп айтпаймын. Бұл телефон қоңырауы болды", – деді АҚШ президенті.