Ол жазбасында жақындарына үн қатып, "аяғымнан нық тұрмын" деген мағынада жағдайының жақсы екенін жеткізді. Мадуро мен оның жұбайы Силия Флорес қаңтар айында АҚШ-тың әскери операциясы барысында Каракаста қолға түскен. Қазір олар Нью-Йорктегі Бруклин түрмесінде есірткі айналымы және атыс қаруына қатысты айыптар бойынша қамауда отыр. Алайда ерлі-зайыптылар тағылған айыптарды мойындамайды.
"Бұл фотосуреттерді барлық немерелеріме, ұл-қыздарыма және бізді жақсы көретін барша асыл жандарға шағын сыйлық ретінде жолдап отырмын", – деп жазды Мадуро әлеуметтік желідегі жазбасында.
Жарияланған екі суретте Мадуро сұр түсті спорттық киіммен бейбітшілік белгісін көрсетіп тұр. Фотолардан оның бұрынғыға қарағанда біраз салмақ жоғалтқаны байқалады.
"Біздің сөзімізге берік екенімізді және жүрегіміз сіздердің махаббаттарыңызға толы екенін білулеріңізді қалаймын. Әрбір сөзіңізге, әрбір ісіңізге және әрбір батаңызға шексіз ризамын", – деді Венесуэланың бұрынғы басшысы.
Суреттер әлеуметтік желіде жексенбі күні жарияланғанымен, олардың 25 маусымда түсірілгені таспа деректерінен белгілі болды. Мадуро мен Силия Флорестің Нью-Йорктегі соты 2027 жылғы 1 маусымда басталмақ. Екеуі де өз кінәсін мойындаған жоқ. Егер сот алқасы олардың АҚШ-қа кокаин жеткізуге қатысы бар екенін дәлелдесе, ерлі-зайыптылар өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін.