29 желтоқсанда Қазақстанның Израильдегі Елшісі Сатыбалды Бұршақов Кипр үкіметінің мүшелері – Сыртқы істер министрі Константинос Комбоспен, Әділет және қоғамдық тәртіп министрі Анна Куккидис-Прокопиумен және Туризм министрлігінің басшысы Костас Кумиспен бірқатар кездесулер өткізді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Сыртқы істер министрлігінде өткен кездесуде ү.ж. қыркүйекте сімаралық консультациялар барысында қол жеткізілген уағдаластықтар негізінде "сағат теңестірді". Сондай-ақ, Таяу Шығыс және Жерорта теңізі аймағындағы ахуалға қатысты жан-жақты пікір алмасу болды.
Кездесу қорытындысы бойынша дипломаттар екіжақты ынтымақтастықтың 2024 жылға арналған күн тәртібін, соның ішінде Астанада Кипр Елшілігін ашу және тиісті сапарларды әзірлеу мәселелерін пысықтады.
Министр А. Куккидис-Прокопиумен келіссөздерде тараптар екіжақты шарттар шеңберіндегі құқықтық көмек көрсету үдерісін талдап, жаңа келісімдерге қол қою арқылы құқықтық базаны одан әрі кеңейтуге келісті.
Туризм министрлігінің басшысы К. Кумиспен кездесуде ү.ж. қыркүйекте қол қойылған екі елдің Туризм министрліктері арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумды жүзеге асыру жолдары, сондай-ақ тікелей авиарейстер ашу мәселелері талқыланды.
Кипр министрлерінің ерекше назары Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы қызметінің қорытындыларына және Мемлекет басшысы өткен жылы бастамалық еткен кешенді саяси және экономикалық реформалардың орындалуына аударылды. Сондай-ақ, С. Бұршақов сұхбаттасушыларды Президенттің "Адам құқықтары мен заң үстемдігі саласындағы іс-қимыл жоспары туралы" Жарлығымен таныстырды. Елші бұл құжаттың Қазақстанның халықаралық міндеттемелерін орындауға, адам құқықтары институттарын нығайтуға және адам құқықтары мен демократияны қорғаудың ұлттық жүйесін дамытуға ықпал етуге бейілді екенін көрсететінін атап өтті.