АҚШ-та өткен FIRST Tech Challenge аясындағы беделді халықаралық робототехника жарыстары Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқушылары үшін айтулы жеңістермен аяқталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қазақстандық жас инженерлер бұл додаларда жоғары дайындық деңгейін, командалық үйлесімін және халықаралық аренада бәсекеге қабілетті екенін айқын көрсетті.

Лос-Анджелес қаласында өткен Western Edge Premier Event 2026 халықаралық турнирінде NIS Алматы-Медеу мектебінің PHOBOS командасы үздік нәтиже көрсетіп, жарыстың абсолютті көшбасшысы атанды. 10-нан астам елден 88 команда қатысқан беделді додада NIS оқушылары төрт басты марапатқа ие болды:
- Western Edge Premier Event жалпы есебінде Winning Alliance Captain және Inspire Award Winner;
- Sea Division дивизионында Winning Alliance Captain және Inspire Award Winner.
Тағы бір маңызды жетістік NIS Шымкент-Абай мектебінің оқушыларына тиесілі. Кентукки штатының Лексингтон қаласында өткен Run for the Robots халықаралық турнирінде мектептің Atomic Heart командасы жоғары нәтиже көрсетіп, қазылар алқасының ең жоғары марапаты – Inspire Award жүлдесін иеленді. Халықаралық додаға АҚШ-тың 25 штатынан, Пуэрто-Рико, Бразилия және Қазақстаннан 70-тен астам команда қатысты.

Еске сала кетейік, FIRST Tech Challenge – оқушыларға арналған халықаралық бағдарлама. Ол қатысушылардың өз техникалық ше3шімдерін жобалау, сынақтан өткізу және таныстыру дағдыларын дамытуға бағытталған. Қазақстанда бағдарламаның ұлттық кезеңін USTEM Foundation ұйымдастырады. Қордың қолдауымен еліміздің командалары халықаралық турнирлерде Қазақстан атынан өнер көрсетіп келеді.