Бұл туралы "Назарбаев Зияткерлік мектептері" ДББҰ Басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин өзінің Facebook парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz.
NIS оқушылары халықаралық PISA зерттеуіне төртінші рет жеке іріктеме ретінде қатысқан. Зерттеу нәтижелері оқушылардың математика, жаратылыстану ғылымдары және оқу сауаттылығы бойынша білім деңгейін халықаралық көрсеткіштермен салыстыруға мүмкіндік береді.
Жарияланған дерекке сәйкес, NIS оқушылары математикадан 581 балл жинаған. Егер бұл нәтиже елдердің көрсеткіштерімен шартты түрде салыстырылса, Зияткерлік мектептер 2-орын деңгейіне сәйкес келеді және Сингапурдың көрсеткішінен жоғары нәтиже көрсетеді.
Жаратылыстану ғылымдары бойынша нәтиже – 558 балл. Бұл көрсеткіш шартты салыстыруда әлемдік үштік деңгейіне сәйкес келіп, Сингапур нәтижесіне жақын.
Ал оқу сауаттылығы бойынша NIS оқушылары 492 балл жинаған. Бұл нәтиже әлемдік алғашқы ондықтағы Ұлыбритания мен Жаңа Зеландия көрсеткіштерімен деңгейлес.
Әнуар Жанғозин оқу сауаттылығы бойынша ұзақмерзімді динамикаға да назар аударды. 2015 жылы Зияткерлік мектептер оқушыларының көрсеткіші 492 балл болса, PISA 2025 нәтижесінде ол 492,5 баллды құраған.
Осы кезеңде ЭЫДҰ елдері бойынша оқу сауаттылығының орташа көрсеткіші 493 балдан 461 балға дейін төмендеген. Осылайша, халықаралық деңгейде оқу сауаттылығы көрсеткіштерінің төмендеу үрдісі байқалған кезеңде NIS оқушылары бұрынғы нәтижесін сақтап қалған.
Сонымен қатар Әнуар Жанғозин бұл салыстырудың ресми халықаралық рейтинг болып саналмайтынын атап өтті. Дегенмен, оның айтуынша, көрсеткіштер NIS оқушыларының жоғары әлеуетін және Зияткерлік мектептерде қолданылатын білім беру тәсілдерінің нәтижелілігін көрсетеді.
PISA нәтижелері алдағы жұмыстың басым бағыттарын айқындауға, білім беру бағдарламаларын одан әрі жетілдіруге және тиімді тәжірибелерді кеңінен таратуға негіз болмақ.