Nissan компаниясы еуропалық нарыққа арналған X-Trail жаңа моделін Ұлыбританияда шығарудан бас тартты, деп хабарлайды 24.kz.
Бірлестіктің мұндай шешім қабылдауына Біріккен Корольдіктің Еуроодақтан шығуы төңірегіндегі мәселе себеп болды. Өйткені брексит бойынша келісім әлі күнге дейін қабылданбай, бизнесті жүргізуге кедергі келтіруде.
Болжамға қарағанда, Nissan бұл көлік түрін енді Жапонияда құрастыруы ықтимал. Ал сарапшылар шешім премьер-министр Тереза Мэйдің беделіне нұқсан келтіретінін айтады.
Айта кетейік, Ұлыбританиядағы Nissan зауыты Сандерленд қаласында орналасқан. "Компания шешімі Сандерленд қаласы мен осы өңірдің дамуына кері әсерін тигізеді. Бірақ мен бірлестіктің мұндай қадамына таң қалмаймын. Өйткені брексит төңірегіндегі мәселе әлі анықталмай, компания осындай шараға баруға мәжбүр", – дейді Ұлыбритания қауымдар палатасының мүшесі Джулия Элиот.