"NNEF" қоғамдық қоры мен "Халық" қайырымдылық қоры оқушыларға білім гранттарын табыстады

739

"Мирас" халықаралық мектебінде білім алу үшін оқушыларға бүгін гранттар табыс етілді.

"NNEF" қоғамдық қоры мен "Халық" қайырымдылық қоры оқушыларға білім гранттарын табыстады

Бұл бастама "NNEF" Қоғамдық қоры мен "Халық" қайырымдылық қорының жетекшілігімен 3-ші жыл қатарынан жүзеге асып келеді. Биыл грантты жеңіп алуға ниет еткендер саны да өткен жылдарға қарағанда көп. Сонымен, биыл кімнің бабы мен бағы қатар шапты.

"NNEF" Қоғамдық қоры мен "Халық" қайырымдылық қорының бастамасымен жүзеге асып келе жатқан білім грантын алуға биыл еліміздің барлық өңірінен 180-ге жуық оқушы өтініш берген. Оның 20-сы ең жоғары балл жинапты. Соның ішінде, 7 оқушыға халықаралық бакалавриат дипломдық бағдарламасы бойынша 100 пайыздық грант табыс етілді.

"Маған анам хабарласады. Жансая саған 100 пайыздық грант берді дейді. Сол кезде қуанышымда шек болған жоқ шынымды айтсам. Маған маңызды болды осы грантты алу. Өйткені ІВ бағдарламасы болашақта көптеген мүмкіндіктерді ашады. Осы ІВ бағдарламасын оқып бітірсең болашақта әлемнің кез келген университетіне түсе аласың. Сондықтан, жауапкершілік әрине мол болды", - дейді грант иегері  Жансая Бекеева.

Айта кету керек, бұл игі шара осымен 3-ші жыл қатарынан ұйымдастырылып келеді. Ең алғашқы жылы грантты ұтып алуға 100-ге тарта оқушы ниет білдірген екен. Талантты, әрі жан-жақты білімді оқушыларды таңдау кезінде көп балалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға басымдық беріледі.

"Аталмыш жұмысты жүргізу мақсатында мамыр айынан бастап арнайы комиссия жұмысын бастады. Арнайы комиссия 100-ден астам бала осы мектепке түсеміз деп құжаттарын тапсырды. Соның арасында білімі жоғары, дарынды балаларды осы мектепке арнайы комиссия қабылдап, біз олардың қаражатын өз қорымыздың атынан көтеріп отырмыз", - дейді "Халық" қайырымыдылық қорының басқарушы директоры Нариман Әбілшайықов.

Еске салайық, "Мирас" халықаралық қос мектебінде қазір 35 бала аталған бағдарлама бойынша білім алып жатыр. Оның 15-сі екінші немесе үшінші жыл қатарынан жеңіп алғандар. "NNEF" Қоғамдық қоры мен "Халық" қайырымдылық қоры алдағы уақытта да балаларды білім гранттарымен қуантуға ниетті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу