Нобель сыйлығынан кейін Венесуэла Норвегиямен қатынасын үзді

144

10 қазанда Мария Корина Мачадо Бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығын иеленді. 

Нобель сыйлығынан кейін Венесуэла Норвегиямен қатынасын үзді Фото: газета.ру

Венесуэла үкіметі Норвегиядағы елшілігін жабу туралы шешім қабылдады. Бұл қадам ел оппозициясының жетекшісі Мария Корина Мачадоның Нобель комитетінен 2025 жылғы Бейбітшілік сыйлығын алғаннан кейін жасалды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Ресми Каракас өз мәлімдемесінде Нобель комитетінің шешіміне сілтеме жасамады. Билік елшіліктің жабылуын дүниежүзілік дипломатиялық өкілдіктерді қайта құрылымдау аясындағы шара деп түсіндірді.

Норвегия Сыртқы істер министрлігі елшіліктің ешбір түсініктемесіз жабылғанын хабарлап, бұл шешімді "өкінішті" деп атады.

"Бірқатар мәселе бойынша келіспеушіліктерімізге қарамастан, Норвегия Венесуэламен диалогты жалғастырғысы келеді және осы бағытта жұмысты жалғастырады", – деді министрлік өкілі.

Ол сондай-ақ Нобель сыйлығының Норвегия үкіметінен тәуелсіз берілетінін атап өтті.

Каракас сонымен қатар Аустралиядағы елшілігін жапқанын, ал Зимбабве мен Буркина-Фасода жаңа өкілдіктер ашатынын мәлімдеді. Билік бұл елдерді "гегемонияға қарсы күрестегі стратегиялық серіктестер" деп атады.

Еске салайық, 10 қазанда Мария Корина Мачадо Бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығын иеленді. Ол бұл марапатқа "Венесуэла халқының демократиялық құқықтарын қорғау және диктатурадан бейбіт жолмен көшу жолындағы күресі үшін" лайық деп танылды.

2024 жылы Мачадо Венесуэладағы президенттік сайлауда оппозицияның жалғыз кандидаты болған. Алайда билік оның кандидатурасына тосқауыл қойып, оған 15 жылға сайлауға қатысуға тыйым салды. Сондай-ақ ол бұған дейін АҚШ санкцияларын қолдады деген айып тағылып, Жоғарғы сотқа берген шағымы Мадуро режимінің ықпалымен қабылданбады.

Нобель комитеті шешімін жариялағаннан кейін, Мачадо АҚШ экс-президенті Дональд Трампқа телефон соғып, Венесуэла халқының бостандық пен демократия жолындағы АҚШ-тың қолдауына риза екенін айтқан.

Айта кетейік, биыл Трамптың өзі де Бейбітшілік сыйлығына үміткер болуға ниет білдіріп, әлемдік қақтығыстарды тоқтатудағы рөлін атап өткен еді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу