2023 жылғы Нобель сыйлығының лауреаты атағын алған, Иран түрмесінде қамауда отырған Наргиз Мохаммади аштық жариялады, деп жазады inbusiness.kz сайты. Бұл туралы дүйсенбіде Наргиз Мохаммадидің туыстары мен жақтастары хабарлады.
Олардың айтуы бойынша, ирандық әйел Мохаммади Эвин түрмесіндегі тұтқындар жағдайы мен Иран билігінің әйелдерге хиджаб киюді міндеттейтін талаптарына наразылығын білдірген.
Бұған дейін Иран билігі құқық қорғаушыны түрмеден ауруханаға ауыстырудан бас тартқаны мәлім болды. Күйеуі Таги Рахманидің сөзіне сүйенсек, түрме қызметкерлері Мохаммадидің денсаулығын тексеріп, ауруханаға жатқызу қажет деген түрме дәрігерінің ұйғарымына құлақ аспады.
Еске сала кетсек, Иран әйелдеріне жасалған қысымға қарсы және адам құқығы мен бостандығы жолындағы күресі үшін Наргиз Мохаммадиге 2023 жылы “Нобельдің Бейбітшілік сыйлығы” атағы берілген.
Ол Иран әйелдеріне хиджаб киюді міндеттеуге және Иран әйелдерінің құқықтары мен бостандықтарын шектеуге көп жылдан бері қарсылық білдіріп келе жатыр.
Иран билігі оны 13 рет қамап, 5 рет соттаған. Тіпті 154 дүре соғып, жалпы жиынтығы 31 жылға кескен.