Телекоммуникация жабдықтарын өндіретін финляндиялық Nokia компаниясы алдағы жылдары 5-10 мыңға жуық жұмыс орнын қысқарпақшы, деп хабарлайды Inbusiness.kz порталы компания өкілдерінің мәлімдемесіне сілтеме жасап.
"18-24 ай ішінде қайта құрылымдау жоспары бойынша компанияда 90 мың емес, 80-85 мың шақты қызметкер жұмыс істеуге тиіс. Олардың нақты саны нарықтағы жағдайға байланысты келесі екі жыл ішінде белгілі болады", – деп жазылған ресми мәлімдемеде.
Осылайша компания 2023 жылдың соңына дейін шығын көлемін 600 миллион еуроға азайтпақ.
Бұған дейін Nokia бәсекеге қабілеттілікті арттыру үшін Финляндия мен басқа елдердегі қызметкерлерінің санын бірнеше рет қысқартқан болатын.
Nokia компаниясы мобильді, бекітілген, кең жолақты және IP-желілерге арналған телекоммуникациялық жабдықтарды жасаумен айналысады. Оның акциялары Франкфурт, Нью-Йорк және Хельсинки қор биржаларына орналастырылған.
Табиғат Нұрболат