Маңғыстау түбегінде бір аптаға жуық болатын экспедиция бүгін Ақтау қаласынан аттанды. Бұл туралы белгілі кәсіпкер Марғұлан Сейсембаев Фейсбуктегі парақшасында жазды деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Еске сала кетсек, "Үстiрт құпиясы" экспедициясы 30 сәуір мен 7 мамыр аралығында Маңғыстау түбегіне сапар жасайды.
"Түбектің барлық жерін аралаймыз, маршруттың ұзындығы 1 400 шақырым. Бағыт ішінде жанармай құюға аялдайтын ең ұзақ қашықтық 350 шақырымды құрайды. Жол жөнекей газ құятын бекеттер саны көп кездеседі", - делінген экспедиция ұйымдастырушылары таратқан хабарламада. Марғұлан Сейсембаевтың басшылығымен сапарға шыққан Nomad Explorer командасының басты мақсаты - Қазақстанның ішкі туризмін дамытуды насихаттау. Өткен жылы бір аптаның ішінде 90 адам 24 жол талғамайтын көлікпен қазақ жерінің кіндігі саналатын Ұлытау өлкесінің әсем табиғатымен танысып қайтты.
"Үстірт құпиясы" экспедициясына қатысатын туристтердің алғашқы легі Алматыдан 24 сәуір күні шықкан болатын, олардың ішінде танымал фотографтар, өлкетанушылар мен ұйымдастыру комитетінің өкілдері де бар.