Ресейлік әлеуметтік желі қолданушылары жұма күні таңертең Ресейдің Қара теңіздегі Новороссийск порты маңында атыс-жарылыстар болып жатқанын хабарлады. Ал, "Рейтер" агенттігінің дерегінше, бұл - Украинаның Ресейдің негізгі сауда порттарының біріне жасаған алғашқы шабуылы болуы мүмкін.
Новороссийскідегі танкерлерге мұнай тиейтін Каспий құбыр консорциумы (КҚК) бұл портта кемелердің қозғалысына уақытша тыйым салынғанын мәлімдеді. Және де оның айтуынша, порттағы нысандар дрондар шабуылынан зақымданбаған. Ресей қорғаныс министрлігі де Новороссийскке теңіз дрондары соққы бергенін растады.
Жергілікті интернет-қауымдастық жариялаған және ресейлік "Астра" ақпараттық агенттігі таратқан бейнежазбалардан атыс жүріп жатса да, кемелердің жағалауға жақын жерде жүзіп жүргенін байқауға болады.
"Новороссийск қаласының төтенше жағдайлар қызметі жарылыстар жайлы ақпаратты растады. Сонымен қатар, бұл жағдай қауіпсіздік қызметтеріне белгілі",- деп хабарлайды РИА "Новости" агенттігі.
Айта кетсек, бұл - Қара теңіздегі ең үлкен порттардың бірі. Ал - Каспий құбыр консорциумы қазақстандық мұнайдың негізгі экспорттаушысы.
Қара теңіздегі және оған іргелес порттардағы қақтығыстар өткен айда Ресей Украина астығын қауіпсіз экспорттауға мүмкіндік беретін келісімді ұзартудан бас тартқаннан кейін күшейе түсіп отыр; Ресейдің ұшқышсыз ұшақтары мен зымырандары Қара теңізде немесе оған жақын жердегі Украинаның бірнеше порттық нысандары мен астық қоймаларына соққы берді.
Ресей, сондай-ақ, украиналық дрондар азаматтық кемелерді қорғайтын әскери кемелерге шабуыл жасауға кіріскенін хабарлап отыр.