Қазан айының 16-18 күндері Қытайдың шығысындағы Циндао қаласында Шанхай Ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттердің халықаралық сауда-инвестициялық жәрмеңкесі өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат көрменің ұйымдастырушы комитетіне сілтеме жасап.
Шара аясында тұңғыш рет ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер мен Қытайдың Циндао ынтымақтастық ұйымы есігін айқара ашады. Ол ұйым өнімдерді таныстырып, сауда-инвестициялық келіссөздер мен роуд-шоуларды өткізетін көпфункциялы алаңға айналады.
Халықаралық сауда-инвестициялық жәрмеңкені өткізу барысында қаржы, ауыл шаруашылығы, мәдениет пен туризм, жеңіл өнеркәсіп пен халық қолөнерінің тауарлары мен қызметтері таныстырылады.
Көрмеге қытайлық және шетелдік, соның ішінде қазақстандық 600-ге тарта компания қатысады.
Еске сала кетсек, ШЫҰ – 2001 жылы Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстанның қатысуымен құрылған, тұрақты жұмыс істейтін халықаралық ұйым. Оның құрылуына "Шанхай бестігі" механизмі түрткі болған еді.
2017 жылы ШЫҰ-ға мүше мемлекет мәртебесі Үндістан мен Пәкістанға берілді.
ШЫҰ шеңберінде 2006 жылдан бері ұйымға мүше мемлекеттердің Іскерлік кеңесі жұмыс істеп келеді.