Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі хабарлады.
2014 жылдан бастап Қазақстан Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы (IATA) тағайындаған Нұр-Сұлтан әуежайының үш әріптік кодын өзгерту бойынша белсенді жұмыс жүргізілген.
Бүкіл әлем бойынша әуежайларға бір рет және тұрақты негізде код беру жөніндегі IATA қағидаларына қарамастан, қазақстандық тарап бұл бағытта оң нәтижелерге қол жеткізді.
IATA өкілдерімен бірлесіп әуежайлардың кодтарын тағайындау және өзгерту бойынша IATA тәсілдеріне өзгеріс енгізу туралы шешім қабылданды.
Бұл өзгерістер 2019 жылдың 14 қазанында Варшава қаласында (Польша) IATA-ның барлық мүшелерінің қатысуымен Жолаушылар тасымалы стандарттары (Passenger Standards Meeting) кездесуінде қолдау тапты.
Нәтижесінде, 2020 жылдың 8 маусымынан бастап Нұрсұлтан Назарбаев Халықаралық әуежайына NQZ жаңа коды беріледі, ол барлық брондау жүйелерінде, отырғызу талондарында, багаж биркаларында және ақпараттық таблода көрсетілетін болады.