Нұр-Сұлтан қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықованың айтуынша, елордада соңғы күндері осындай 4 қайғылы жағдай тіркелген.
"Бүгінгі күнге дейін елордада COVID-19 індетінен 14 адам қайтыс болды. Соңғы күндері осындай 4 қайғылы жағдай болды. Олардың екеуі Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны. Екеуі басқа өңірден келген. Осындай жағдайдың орын алуының бір факторы – науқаста қан айналымы жүйесінің ауруы, қант диабеті тәрізді ілеспе патологияның болуы. Сондай-ақ, өзін-өзі емдеу де қауіпті. Бір жас ер адам 10 күн үйінде емделген. Тіпті соңғы 4 күнде халі нашарлап кетсе де, клиникаға қаралмаған. Жағдайы ауыр болғандықтан жан сақтау бөліміне жатқызылды. Мамандарымыз протоколға сәйкес барлық ем-дом шараларын жасағанымен, өкінішке қарай нәтиже болмады", – деді Сәуле Қисықова.
Айта кетсек, республика бойынша бүгінгі күні 67 адам COVID-19 індетінен қайтыс болды. Науқастардың ең көбі Нұр-Сұлтан қаласында өмірден озған.
Нұржан Көшкін