Нұр-Сұлтан қаласындағы 18 науқастың жағдайы қалыпты

904

Барлығы да стационарға орналастырылған.  

Нұр-Сұлтан қаласындағы 18 науқастың жағдайы қалыпты

Нұр-Сұлтан қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында осындай мәлімет айтты.

"Науқастардың температурасы қалыпты. Шағымдары жоқ. Барлығы дәрігердің қадағалауында. Бүкіл медициналық көмек көрсетіліп жатыр", – деді Сауле Қисықова.

Айтуынша, аурулардың 78 пайызының, яғни 14-нің жастары 30 бен 49 аралығында. Вирусты жұқтырғандардың ең жасы 14-те, ал ең кәрісі 59-да. 18 науқастың 16-сымен қарым-қатынаста болған 32 адамның 25-і ауруханаға жатқызылып, қалғандары оқшауланған.

Еске сала кетсек, 17 наурызда Президент жанындағы төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі Мемлекеттік комиссия 19 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары карантинге жабылатынын жариялаған болатын.

Елордада індеттің таралуына жол бермеу үшін қосымша осындай шаралар қабылданды:

–  Барлық әлеуметтік нысандарда, тұрғын үйлерде, базарларда, сауда ойын-сауық орталықтарында, әуежайда, вокзалдарда, автобустарда және т. б. дезинфекциялау шаралары күшейтілді.

–  Қалааралық автобустардың қозғалысына тыйым салынды;

–  Елорда аумағына кіріп-шығатын жерлерде арнайы пункттер болады;

–  Балабақшалар мен үйірмелер жұмыс істемейді.

– Сауда ойын-сауық орталықтарында тек азық-түлік дүкендері мен дәріханалар жұмыс істейді. Мейрамханаларға онлайн жеткізу қызметіне көшу ұсынылды. Жалға алушылар мен басқа да кәсіпкерлік субъектілері үшін несие төлеу кейінге қалдырылатын болады.

– Банктерге  90 күннен кейін төлеу мерзімі өткен тұтыну несиелеріне айыппұл мен өсімпұл есептеуге тыйым салынады.

–  Барлық ұйымдардың басшыларына қызметкерлердің 70%-ын қашықтықтан жұмыс жасауға немесе еңбек демалысына шығару ұсынылады.

Табиғат Нұрболат

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу