RU KZ
Нұр-Сұлтан қашан газдандырылады

Нұр-Сұлтан қашан газдандырылады

02 Қазан 2019 17:40 629

Нұр-Сұлтан қашан газдандырылады
Желтоқсан айында 5 стансаның желілік бөлігі аяқталады.

Энергетика бірінші вице-министрі Махамбет Досмұхамбетовтың мәлімдеуінше, ұзындығы 1061 шақырымды құрайтын «Сарыарқа« газ құбырының құрылысы биыл аяқталады.

«Бүгінге дейін 1050 шақырым құбыр дәнекерленді. Қазір құбырды орналастыру жұмысы жүріп жатыр. Бұл жұмыс жоспарға сай атқарылуына байланысты мерзімінде аяқталады», – деді Махамбет Досмұхамбетов.

Оның сөзінше, бүгінге дейін автоматтандырылған 5 газ тарату стансасы жобаланып, қажетті құрал-жабдық сатып алынған. Мердігерлер монтаждау жұмыстарын тиісінше орындап жатыр. 

«Желтоқсан айында 5 стансаның желілік бөлігі аяқталады», – деді бірінші вице-министр.

Махамбет Досмұхамбетов Нұр-Сұлтан қаласы қашан көгілдір отынға қол жеткізеді деген сауалға да жауап берді. 
Оның айтуынша, желілік газ құбыры мен автоматтандырылған газ тарату стансасын орнатудан бөлек, газ тарату желісін орнату қажет. Бұл жұмыстар уақытты талап етеді.

«Бұл бағытта нақты жұмыс атқарылып жатыр. Нұр-Сұлтан қаласы бойынша жылу электр стансасы мен тұрғын үй алабтарын газдандырудың 9 кезеңін қамтудың бірінші кезеңі келесі жылдың күзінде аяқталады», – деді Махамбет Досмұхамбетов.

Қанат Махамбет