Нұр-Сұлтанда 2 мыңға жуық медицина қызметкеріне үстемеақы төленді

543

Төлемнің жалпы сомасы 646 млн теңгені құраған. 

Нұр-Сұлтанда 2 мыңға жуық медицина қызметкеріне үстемеақы төленді

Нұр-Сұлтанда 1893 медицина қызметкері еңбекақыларына үстемақы алды. Бұл туралы Қоғамдық денсаулықты сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова айтты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Оның айтуынша, төлемнің жалпы сомасы 646 млн теңгені құраған. Аталған сома Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан бөлінді.

"Үстемақы жұмыс істеген уақытына сәйкес есептеледі. Біз 10 сәуірде наурыз айының жұмыс сағаттары бойынша төлем жасадық. Бірінші топта – 400 медицина қызметкері, екінші топта – 950 дәрігер, үшінші топ бойынша – 543 адам алды", – деп түсіндірді басқарма басшысы.

Еске сала кетейік, ҚР Президенті жанындағы төтенше жағдайды қамтамасыз ету жөніндегі Мемлекеттік комиссия эпидемияға қарсы шараларға қатысқан медициналық қызметкерлердің жалақысына ай сайын үстемақы тағайындау туралы шешімді бекіткен болатын. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау шеңберінде Нұр-Сұлтан қаласында эпидемияға қарсы шараларға қатысып жатқан медицина қызметкерлеріне қаржы бөлумен айналысатын арнайы комиссия құрылды.

"Қауіптілігі аса жоғары жұмыстағы қызметкерлер үшін үстемақы көлемі 20 ЕТЖМ (850 мың теңгеге дейін), қауіптілігі жоғары санаттағыларға 10 ЕТЖМ (425 мың теңге), ал қауіптілігі орташа санаттағы медицина қызметкерлеріне 5 ЕТЖМ (212 мың теңге) құрады", – дейді "Senim" денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің салалық кəсіподағының төрағасы Руслан Сатыбалдиев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу