Елорда тұрғындарының кем дегенде 60%-ына немесе 600 мыңнан аса адамға COVID-19-ға қарсы вакцина салынады. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Оның айтуынша, елорда вирустың тарауы бойынша әлі "қызыл аймақта", қаладағы эпидемиологиялық ахуал тұрақсыз.
Осыған байланысты ол коронавирусқа қарсы екпе алу маңызды екенін атап өтті.
"Бүгінде коронавируспен күрестің маңызды кезеңі халықты вакцинациялау жүріп жатыр. Ол – күшті профилактикалық шара болып саналады. Ұжымдық иммунитетті қалыптастыру үшін 600 мыңнан аса адамға немесе қала тұрғындарының кем дегенде 60%-ына жасау жоспарланып отыр", - деді Тимур Мұратов орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Басқарма басшысы қазіргі таңда 22 500-тен аса елордалыққа екпе салынғанын айтты.
"Бұл – медицина, құқық қорғау органдары, дипломатия қызметкерлері және созылмалы ауруы бар науқастар. Вакцина алғаннан кейін ауру асқынулары тіркелген жоқ", - деді директор.
Сөз соңында Тимур Мұратов осы аптада Нұр-Сұлтанда алдын ала жазылу арқылы тұрғындарға жаппай вакцина салу басталғанын жеткізді.
Дәурен Ерболат