Елордада 16-18 қыркүйек аралығында жалпы орта білім беретін мектептердің үздік "Жас сарбаз" тәрбиеленушілерінің қатысуымен "Jas sarbaz – Meiirimdilik biriktiredi" онлайн күзгі әскери-патриоттық ойындары өтеді, деп хабарлайды әкімдіктің ресми сайты.
Шараны Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі, "Астана жастары" КММ және Нұр-Сұлтан қаласы қорғаныс істері департаментінің қолдауымен "Жас Сарбаз" жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы РҚБ Нұр-Сұлтан қалалық филиалы ұйымдастыруда.
"Жас сарбаз" жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы РҚБ Нұр-Сұлтан қалалық филиалы төрағасы Асхат Налшыбектің айтуынша, шара барысында нағыз әскери өмірдің қыр-сырлары таныстырылып, патриоттық тәрбие бағытындағы жарыстар ұйымдастырылады. Жиынға елорданың 4 ауданынан үздік 6 команда қатысады.
"Карантин режимін сақтау мақсатында командалар жеке-жеке арнайы әзірленген 6 мектепте, санитария талаптарды сақтай отырып, сынға түседі. Сайысты бақылаушылар яғни төрешілер бас офистен, Ұлттық әскери-патриоттық орталығынан онлайн түрде бақылап отырады. Әрбір сайыс өтетін орында қалалық әкімдік өкілдері, "Жас сарбаз" қозғалысының елордалық филиалы қызметкерлері бақылаушы ретінде жүреді", – дейді Асхат Налшыбек.
Айта кетейік, жиын елордалық "Жас сарбаз" тәрбиеленушілері үшін күзгі әскери және спорттық шараларының ішіндегі асыға күтетін, үздік "Жас сарбаз" тәрбиеленушілері анықталатын ерекше платформа.