Нұр-Сұлтанда қандай қоғамдық кеңістіктер пайда болмақ?

751

Елорда "Нұр-Сұлтан – жайлы қала" мастер-жоспары аясында дамып келеді.  

Нұр-Сұлтанда қандай қоғамдық кеңістіктер пайда болмақ?

Биыл жалпы алғанда 160 аула мен қоғамдық кеңістікті абаттандырылады. Бұл туралы елорда әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында мәлім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

"Қала тұрғындарының өтініштері мен қоғамдық кеңістіктердің (скверлер, саябақтар, бульварлар) қажет екендігін ескере отырып, биыл оларды кеңейту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіп келеміз.

Мәселен, Б.Момышұлы даңғылы бойымен жағалауға дейін жаяу жүргіншілер желекжолын абаттандырамыз. Толқын тәрізді аллея аумағында үстел теннисі мен шахматқа арналған үстелдер, демалуға және әткеншек тебуге арналған көлеңкелі аймақтар орнатуды жоспарлап отырмыз. Бұл Триатлон паркін жаңа бөртегүл бағымен біріктіре отырып, эко-маршрут құруға мүмкіндік береді. Онда мыңнан астам бөртегүл көшетін отырғызамыз. Бөртегүл бақшасы болады.

Былтыр Триатлон саябағын ауқымды абаттандыруды бастадық. Өткен жылы қалада алғаш рет көпір алаңдары абаттандырылды. Сарайшық көшесіндегі көпірдің астында спортпен айналысуға арналған бірнеше аймақ ашылды, саябақ аумағында футбол алаңдары орнатылды. Бұл көпір - Триатлон мен Президент саябағы арасындағы көпір, ол биыл өз жалғасын табады.

Алдағы уақытта өзен арқылы вело-жаяу жүргінші көпірін салуды жоспарлап отырмыз. Бұл көпір екі саябақты – Тұңғыш Президент саябағы мен Есіл өзенінің бойындағы саябақты бірыңғай кластермен біріктіруге мүмкіндік береді. Осылайша қала тұрғындары аудандар арасында кедергісіз жүре алады. Көпірдің бойында демалыс аймақтарын жабдықтаймыз, ал көпірдің ішіне әткеншек орнатамыз.

Биылғы көгалдандыру жұмыстарының ерекшелігі аулалық аумақтардан, саябақтардан, скверлерден, бульварлардан, елді мекендерден басқа, көрікті жерлеріміздің іргелес аумақтарын көгалдандыруға кіріскенімізде.  

Қазір барлық жерде ағаш отырғызылуда. Өзім де қаланы көгалдандыруға қатысамын. Қаланың барлық аудандарын, соның ішінде елді мекендерді көгалдандырамыз. Ағаш отырғызуға қала тұрғындары, еріктілер, кәсіпкерлер де қатысатыны бізді қатты қуантады. Осы жылы 1 млн-нан астам жасыл желек (ағаштар, бұталар, көшеттер және т. б.) отырғызуды жоспарлап отырмыз. Қазірдің өзінде қаланың жасыл түске айналғанын, жаңа экоаймақтар мен "жасыл аралдар" пайда болғанын көруге болады.

Егер жылдан-жылға сапалы ағаш отырғызып, көрсеткішті төмендетпесек, елордамыз санаулы жылдар ішінде жасыл қалаға айналмақ. Бір кездері тек даладан тұрған қала бақша қаласы болады. Бұл біздің мақсатымыз және оған бірге жетеміз.

Елорданы "Нұр-Сұлтан - жайлы қала" мастер-жоспары аясында дамытудамыз. Осы жылы жалпы алғанда 160 аула мен қоғамдық кеңістікті абаттандырамыз", - деп жазды елорда әкімі.

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу