Елорданың бас санитар дәрігері Сархат Бейсенова карантин талабын бірнеше рет өрескел бұзған караоке-бар анықталғанын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Оның айтуынша, жыл басынан бері карантин шектеуін сақтамаудың 287 дерегі анықталған. Заңды бұзған 258 заңды және жеке тұлға 60 миллион теңгеге әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
"Карантин талабын өрескел бұзған 47 кәсіпкерлік субъектісіне қатысты іс Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына жіберілді. Қазіргі таңда сот 18 кәсіпкерлік субъектісін әкімшілік жауапкершілікке тарту, қызметін тоқтату туралы шешім шығарды", - деді ол әкімдікте өткен баспасөз мәслихатында.
Сархат Бейсенова соттың үкіміне қарамастан кейбір нысандар жұмыс істегенін атап өтті.
"2021 жылдың 26 қаңтар – 11 ақпан аралығында сот орындаушылары сот үкімін орындау іс-шарасын жүргізді. Олар "Текилла" караоке-бар, "Золото" мейрамханасының қызметін тоқтатып, олардың есігіне сүргі соқты. Соттың үкіміне қарамастан "Текилла" караоке-барының әкімшілігі есікті ашқан", - дейді ол.
Елорданың бас санитар дәрігері 7 ақпанда Есіл ауданының санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасына карантин талабын бұзу бойынша "Текилла" караоке-барына қатысты шағым түскенін айтты.
"Кейін нысан әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 15 ақпанда сот орындаушысы қайтадан нысанның есігіне сүргі соқты. Алайда 18 ақпанда "Текилла" караоке-бары есігін қайтадан ашқан. Бұл сот үкімін өрескел бұзу болып саналады", - деп түйіндеді сөзін Сархат Бейсенова.
Дәурен Ерболат