Санитария нормаларын сақтамаған кафелер мен мейрамханалардың иелеріне көп мөлшерде айыппұл салынады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Пандемия кезінде бірқатар мекемеде санитария ережелері сақталмайтыны анықталды. Солардың бірі – Тұран даңғылы, 2 мекенжайында орналасқан "Аура" кафесі.
"Жазғы террассада қойылған 15 үстелдің барлығында келушілер болды. Олардың арасында қашықтық сақталмаған. Кафе ішіндегі караокенің екі кабинасында да адамдар болды, сондай-ақ маска тағу тәртібі сақталмаған. Жарлыққа сәйкес жұмыс уақыты 22:00-ге дейін болса да, кафе сағат 23:00-де әлі жұмыс жасап тұр", – дейді Нұр-Сұлтан әкімдігінің азаматтық қорғанысты қамтамасыз ету орталығының бас маманы Жеңіс Камалиев.
Мекеме иелерінен жазбаша түсініктеме алынған.
"Аталған факті бойынша жергілікті полиция қызметкерлері аудандық СЭС басқармасына хабарлама жіберді. "Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтерді бұзу" бабы бойынша тиісті шаралар қабылданады", – деді мобильді топтардың үйлестірушісі Аман Оспанов.
Баптың санкциялары үлкен айыппұл салуды қарастырады. Жауапты тұлғалар бизнес иелері мен келушілерді барлық қоғамдық орындарда санитария нормаларын қатаң сақтауға шақырады: санитайзерлерді қолданып, маска тағу, қашықтық сақтау керек.
Айта кетейік, өткен аптада Нұр-Сұлтанда полиция қызметкерлері, эпидемиологтар, еріктілер, жергілікті атқарушы органдардың өкілдерінен тұратын мобильді топтар 227 карантин тәртібін бұзушылықты анықтады. Оның ішінде маска тағу және әлеуметтік қашықтық сақтаудың міндетті талаптарын бұзу – 146 болса, тыйым салынған уақытта қызметін жүзеге асырған 81 кәсіпкерлік субъекті карантин талаптарын бұзған.