Елордада халықтың әлеуметтік осал топтарынан кезекте тұрғандарға пәтер кілттері берілді. Сонымен қатар, биыл "Жұмыс істейтін жастарға жалға берілетін тұрғын үй" бағдарламасы жалғасатын болады. Бұл туралы елорда әкімі Алтай Көлгінов өзінің Instagram парақшасында жазды, деп хабарлайды әкімдіктің ресми сайты.
"Қала тұрғындарының тұрғын үй мәселелерін жүйелі түрде шешуді жалғастырамыз. Бүгін пәтер кілттерінің кезекті партиясы табысталды. Халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына жататын кезекте тұрғандар әлеуметтік пәтер алды. Олардың қатарында мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, жетім балалар, 1 және 2 топтағы мүгедектер, зейнеткерлер, толық емес отбасылар, ҰОС қатысушыларына теңестірілген адамдар және т. б. бар", –деп жазды Алтай Көлгінов..
Әкімнің сөзінше, үй дамып келе жатқан ауданда орналасқан (Р. Қошқарбаев көшесі, Алматы ауданы). Жақын маңда оқу орындары, балабақшалар және т. б. бар.
"Тұрғын үй кешенінің бірінші қабаттарында оңалту орталығы мен білім беру нысандарын ашамыз. Көктемде балалар үшін ауланы аббаттандырып, көшет отырғызамыз. Көгалдандыру мен экологиялық аймақтарды қалыптастыруға ерекше назар аударған жөн", – дейді ол.
Алтай Көлгіновтің сөзіне сенсек, биыл әлеуметтік пәтер саны 8 мыңнан 10 мыңға артпақ. Бұл пәтерлер тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде (Отбасы банк) кезекте тұрғандарға да берілмек.
Сондай-ақ шаһар басшысы осы айда жұмыс істейтін жастарға 350 пәтер берілетінін жеткізді. Сонымен қатар, 2021 жылдың соңына қарай жұмыс істейтін жастарға тағы 1050 пәтер берілмек.