Елордада карантин енгізуге байланысты қала маңына қатынайтын бағдарлар саны 32%-ға азайып, автобустар барлық бағдарлар бойынша кешкі 21.00-ге дейін қатынайды. Бұл туралы "City Transportation Systems" ЖШС басшысы Бекмырза Игенбердинов мәлімдеді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
"Бүгінде жолаушылар саны барлық бағыттар бойынша төмендеді. Күні кеше 30%-ға төмендесе, бүгін тағы 10%-ға азайды. Осылайша, жолаушылар саны 40%-ға төмендеді", – дейді Бекмырза Игенбердинов.
Сонымен қатар, 19 наурыздан бастап карантиннің енгізілуіне байланысты барлық бағыттар бойынша қоғамдық көлік саны азаяды.
"Қазір бізде автобустар саны 856 бірлікті құрайды. Ертеңнен бастап 676 болады, яғни 21%-ға азаяды. Қала және экспресс бағытындағы автобустар саны 775-тен 621 бірлікке, яғни 20%-ға азаяды. Қала маңы бағытындағы автобус саны 81-ден 55-ке, яғни 32%-ға азаяды. Қала маңындағы бағыттардың саны 24. Олардың 15 карантин аумағындағы ауылдарға қатынайды: Қосшы, Тайтөбе, Жібек Жолы, Талапкер, Қоянды, Воздвиженка, Қызылсуат, Малотимофеевка, Шұбар, Ыбрай Алтынсарин және "Нұрлы" ауылдары. Тағы 9 қала маңы бағдары карантин аумағына кірмейтін ауылдарға қатынайды. Сол себепті олардың қатынауы уақытша тоқтатылады, яғни Ақмол, Қабанбай батыр, Рақымжан Қошқарбаев, Максимовка, Аршалы, Жалтыркөл, Софиевка ауылдарына автобустар ертеңнен бастап жүрмейді", – деді серіктестік басшысы.
Сондай-ақ ертеңнен бастап қалалық, экспресс және қала маңына қатынайтын бағдарлар сағат кешкі тоғызға дейін жүретін болады.