Нұр-Сұлтанда Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жанындағы көпір астында жаңа қоғамдық кеңістік пайда болады, деп хабарлайды әкімдіктің ресми сайты.
Сонымен қатар "Арқар" көпірінің астындағы аумақта демалыс аймақтары кеңейтіліп, олар жаңа граффитимен толықтырылды. Спорттың белсенді түріне арналған аймақ Геннадий Головкин бейнеленген муралмен безендірілген. Ол көше фитнесі жабдықтарымен, workout алаңымен, гантельдермен, штангалармен және т.б. жабдықталады. Жақын жерде балаларға арналған аймақ болады.
Өнер туындыларын Қазақстанның әр қалаларынан келген дарынды суретшілер салған. Қазіргі уақытта мұнда реттеу жұмыстары жүргізілуде. "Арқар" көпірінің астындағы кеңістік Триатлон және Президент саябақтарын біріктірді.
Елорда әкімдігі қала тұрғындарының демалысы үшін жайлы жағдай жасауға айрықша көңіл бөлуде. Осылайша бос жатқан жерлер үлкен аулалық алаңдармен, шағын саябақтармен және жайлы бульварлармен жабдықталған. Мысалы, бұған дейін Шәкәрім Құдайбердіұлы даңғылы 17/6 бос жатқан аймақ болған. Қазір мұнда үлкен абаттандырылған аймақ, оның ішінде футбол алаңы бар. Автотұрақ мәселесі шешілді.
Биыл барлығы 50 қоғамдық орын (саябақтар, скверлер, бульварлар) және 150 аула жабдықталады. Аулалар мен қоғамдық орындар "Нұр-Сұлтан – жайлы қала" бас жоспары тұжырымдамасы аясында абаттандырылуда.