Нұр-Сұлтанда сегіз елдің өкілдері қалай дұрыс тамақтану керектігін талқылап жатыр

2963

Шара барысында жасөспірімдер "Менің тамақтану рационым" тақырыбында сөз сөйлейді. 

Нұр-Сұлтанда сегіз елдің өкілдері қалай дұрыс тамақтану керектігін талқылап жатыр

Нұр-Сұлтан қаласында Орталық Азия және Кавказ елдерінің қатысуымен жасөспірімдерді дұрыс тамақтандыруға арналған симпозиум болып жатыр, деп хабарлайды Елорда Инфо.

Шара барысында жасөспірімдер "Менің тамақтану рационым" тақырыбында сөз сөйлейді. Әлем бойынша Қазақстан Симпозиумға кішкентайларды қатыстырған алғашқы мемлекет. Өйткені тамақтану мәдениетін бала күннен қалыптастырған әлдеқайда тиімді.

Сондай-ақ, жиында ҚР денсаулық сақтау вице-министрі Қамалжан Надыров Қазақстандағы  азық-түліктің сапасы мен қауіпсіздігі, оны жіті бақылау жайлы баяндады.

Елімізде 2018 жылдан бастап мектеп оқушыларының тамақтану рационы бойынша біріңғай стандарттар енгізілді. Оқу орындарында  тәтті және газдалған сусындарды сатуға тыйым салынған. Ас тұзын йодтау, ұн және басқа да бірқатар азық-түлікті минералды-дәруменмен байытуға қатысты жұмыстар жүргізілуде. Ал ірі сауда орталықтарында  "Дұрыс тамақтануға арналған азық-түлік" сөрелері ашылды.

Елімізде өндірушілерге нан-тоқаш өнімдеріндегі тұздың мөлшерін азайту туралы талап қойылды.  Мамандар 1 келі ұнға 2 грамнан артық тұз қосылмасын деген тоқтамға келді. Енді сүт өнімдеріндегі қант мөлшерін азайту қолға алынады.

Симпозиумда  балалардың тамақтану рационы, мектептегі тамақтану жүйесі, мектепке дейінгі мекемелердегі азық-түлік сапасын жақсарту сынды мәселелер талқыланды.

Жиынға Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Қырғызстан, Армения, Грузия және Әзірбайжан парламентінің депутаттары, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, қаржы, білім және ғылым министрліктерінің өкілдері қатысуда.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу