"Happy Cake" кондитерлік дүкендер желісінің тортынан уланған 13 адамның 10-ында сальмонеллез қоздырғышы анықталды. Бұдан бөлек, кондитерлік цехтың өндірістік жабдықтарынан ішек таяқшалары табылған, деп хабарлайды Almaty.tv.
"Қазіргі кезде жұқпалы аурулар ауруханасында 8 науқас жатыр. Бұдан бөлек, 5 адам амбулаторлық ем қабылдауда. Зертханалық тексеру нәтижесінде 6 адамның ағзасынан Salmonella Enteritidis қоздырғышы анықталып, гастроинтестиналды үлгідегі сальмонеллез диагнозы қойылды. 4 науқасқа клиникалық-эпидемиологиялық орташа ауырлық деңгейдегі, гастроэнтероколитикалық түрдегі сальмонеллез диагнозы қойылды. Сондай-ақ, екі зардап шегушіге орташа ауырлық деңгейдегі энтероколит диагнозы қойылды. Тағы бір науқастың диагнозы әлі анықталу үстінде", – дейді Нұр-Сұлтан қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Сәдуақас Байғабылов.
Бұдан бөлек, тексеріс барысында "Наполеон", "Молочная девочка", "Шоколад-банан" торттарынан да ішек таяқшалары табылған. Сондай-ақ, кондитерлік цехтың төрт қызметкерінен стафилококк қоздырғышы анықталып отыр. Олардың екеуі – кондитер.
Бүгінде зертханалық тексерістің қорытындылары түгел сотқа жіберілді. Егер санэпидемиологиялық талаптардың бұзылғаны дәлелденсе, кондитерлік цех иесіне 460 АЕК көлемінде айыппұл салынуы мүмкін.