Нұр-Сұлтанда тұрғын үй сертификатын алатын адамдар санаты кеңейтіледі

557

Тұрғын үй сертификатын алушылар санаттарының тізбесін кеңейту туралы құжаттың жобасы мәслихаттың келесі сессиясына жіберіледі.

Нұр-Сұлтанда тұрғын үй сертификатын алатын адамдар санаты кеңейтіледі

Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Instagram-дағы парақшасында жазды, деп хабарлайды әкімдіктің ресми сайты.

"Елордада тұрғын үй сертификатын алатын адамдардың санатын кеңейтеміз.  Бұрын тізімде толық емес; көпбалалы; мүгедек бала бағып отырған отбасылар болса, қазір тізімге халықтың әлеуметтік аз қамтылған санаттарының бәрін қосамыз. Оның ішінде жетім балалар да қамтылады.

Азаматтарды қабылдау кезінде жиі көтерілетін мәселенің бірі – баспана. Пәтер алу жолдарын қарастыруды өтінген асыраушысы жоқ балалармен бірнеше рет кездестім. Санатты кеңейту құжатының жоспарын мәслихаттың алдағы сессиясына қарауға береміз. Құқықтық-нормативтік процедуралар аяқталған соң, сертфикат алушылар санатының жаңа тізімін бекітеміз. Тұрғын үй сертфикатының мөлшері – 1 млн теңге. Оларды "Шаңырақ" (5-10-20) жобасына қолдануға да болады.

Осылайша, ертеректе бекітілген тізімге енді: жетім балалар; I және II топ мүгедектері; зейнеткерлер; ҰОС ардагерлері және соларға теңестірілгендер; мемлекеттік, қоғамдық немесе әскери тапсырма орындау кезінде қаза болғандардың отбасылары қосылады. Сонымен бірге экологиялық апат кезінде, табиғи немесе техногендік ТЖ кезінде  баспанасынан айырылғандар; бөтен елдердің аумағында ұрысқа қатысқандар; "Алтын алқа", "Күміс алқа" иегері немесе ертеде "Батыр ана" атағын алған көпбалалы аналар; I және II дәрежелі "Ана даңқы" орденімен марапатталғандар; көпбалалы отбасылар және т.б. кіреді.

Мемлекет Басшысының тапсырмасымен биыл қолжетімді баспана құрылысын үш есеге ұлғайттық.

Бұған қоса, Қазақстан ипотекалық компаниясымен бірлесіп, әлеуметтік пәтер алатындардың санатын да кеңейттік. Биыл 1 мың пәтерді дәрігерлер мен мұғалімдерден басқа - әлеуметтік қызметкерлер, полиция, мәдениет және спорт қайраткерлері де ала алады", - деп жазды Алтай Көлгінов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу