Коммуналдық апатқа "Ағыбай батыр көшесі" жағында су құбырының жарылуы себеп болған. Салдарынан елорданың ескі орталығындағы біраз көшенің тұрғындары сусыз отыр.
Қалалықтардың айтуынша, А.Иманов, Ш.Уәлиханов, Ағыбай батыр, Асан қайғы, Тараз және басқа да көшелердің осы бөлігінде орналасқан көпқабатты тұрғын үйлерге су жеткізу тоқтатылған.
Осы аудандағы ескі жеке үйлер болса, бұған дейін суды жергілікті колонкадан алып келіпті, енді ол да уақытша істен шықты.
Бүгін таңертең қала әкімдігі "водовоз" жазуы бар су тасығыш көлігін жіберіп, осы көшелердің тұрғындарына тегін су таратыпты. Бірақ ол су жетпей қалған.
"Астана су арнасы" қазіргі уақытта ол ауданда апатты жою жұмыстары шұғыл жүргізіліп жатқанын хабарлады.
Коммуналдық қызметтерге бүгінгі жұмыс күні аяқталғанша суды беру жөнінде тапсырма жүктеліпті. Олардың бұл үдеден қаншалықты шыға алатыны әзірге белгісіз.
Жалпы, көпқабатты зәулім үйлердің бой көтеруіне орай елорданың ескі орталығының бұл бөлігіндегі құбыр жүйесіне түсетін жүктеме жыл санап артып келеді. Ескі құбырлар оған шыдас бермей жатқаны байқалуда.
Ауыз сумен жабдықтау ауыл түгіл, астана үшін де күрделі мәселелердің бірі саналады.
Жанат Ардақ