Оның айтуынша, биыл Семей полигонының жабылғанына 30 жыл толған.
"Қазақстан өз еркімен ядролық қару-жарақтан бас тартты. Бұл шешуші қадам Қазақстанның әлемдік қауымдастықтағы беделінің артуына зор үлес қосты. Еліміз жаһандық ядролық қаруға қарсы қозғалыс көшбасшыларының қатарына қосылды, – деді Президент елордада өтіп жатқан Сыртқы істер министрлігінің кеңейтілген отырысында.
Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы жылы Нұр-Сұлтанда халықаралық форум өтетінін жеткізді.
"Елбасының ұсынысы бойынша ядролық қарусыздануға арналған әлемдік форумды әзірлеу қажет. Келесі жылы Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске 30 жыл толады. Осыған орай елордамызда осы форумның алтыншы саммиті өтеді. Бұл жиынды ұйымдастыру үшін Сыртқы істер министрлігі ауқымды жұмыс атқаруы керек. Біз бұл кеңесті біртіндеп құрлықтағы қауіпсіздік және даму ұйымына айналдыруды көздейміз", – деді Мемлекет басшысы.