Нұр-Сұлтанда қала бюджетінен қосымша 1,5 млрд теңге қаражат бөлінді

936

Бұл – әлеуметтік тауарлар бағасын бекіту үшін берілетін жеңілдетілген несиелерге бағытталған. 

Нұр-Сұлтанда қала бюджетінен қосымша 1,5 млрд теңге қаражат бөлінді

Нұр-Сұлтан қаласы инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту департаментінің басшысы Ерлан Бекмырзаев елорданың азық-түлік резервтерін толтыру және бағаны тұрақтандыру үшін қала әкімдігі бірқатар шара қабылдап жатқанына тоқталды.

"Бірінші, өңірлерден жеміс, көкөніс, ет өнімдерін белгіленген бағамен форвардтық келісімшарттар жасау арқылы әкелуді пысықтаудамыз. Екінші, күріш, қарақұмық, картоп, пияз, сәбіз және қырыққабат тәрізді өнімдерді белгіленген бағамен сату шарттары арқылы, ірі бөлшек сауда желілерімен айналым механизмі бойынша жеңілдетілген есептесу туралы келісімдерге қол қойылды", – деп атап айтты департамент басшысы.

Ерлан Бекмырзаев өз сөзінде елордада нан бағасы қанша болатынын да мәлім етті.

"Жергілікті бюджеттен қосымша 1,5 млрд теңге қаражат бөлінді. Бұл – әлеуметтік тауарлар бағасын бекіту үшін берілетін жеңілдетілген несиелерге бағытталған. Яғни, күнбағыс майы, сүт, ет және басқа да азық-түлік өнімдерін сатып алуға арналған қор. Қазір әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бірнеше сауда орталығында сатылуда. Сонымен қатар, ұн да сатып алынды. Қалада ұн жеткілікті. Осыған байланысты 1-сортты нанның бағасы шамамен 90-95 теңгеден аспайтын болады", – деді ол.

Сондай-ақ, инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту департаментінің басшысы әлеуметтік маңызы бар 9 азық-түлік тауарына белгіленген бағаны eGov ресми сайтынан көруге болатынын айта отырып, кәсіпкерлерге баға мөлшерін қатаң сақтауды ескертті. Баға рұқсат етілген мөлшерден асып кесе, 265 мыңнан 530 мың теңгеге дейін айыппұл салынатынын еске салды Ерлан Бекмырзаев.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу