Нұр-Сұлтанда жолақысын төлемейтіндер саны шамамен 4 есе өскен

1174

Жолаушыларға 29 млн теңге айыппұл салынған. 

Нұр-Сұлтанда жолақысын төлемейтіндер саны шамамен 4 есе өскен

Жыл басынан бері Қазақстанда қоғамдық көлікте жолақысын төлемеген 8 мың 81 жолаушыға айыппұл салынды, деп хабарлайды inbusiness.kz City Transportation Systems-ке сілтеме жасап.

Жолақысын төлемейтіндер Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 622-бабы 2-тармағы ("Қалалық және қала маңындағы қоғамдық көлікті пайдалану қағидаларын бұзу") бойынша жазаға тартылады.

"Жыл басынан бері жолақысын төлемегені үшін 8 мың 81 жолаушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның 65% Нұр-Сұлтанға тиесілі.

2021 жылғы 7 айында елордада CTS көліктік бақылау департаменті жол жүру ақысын төлеуден жалтарудың 134 558 дерегін анықтаған. Оның ішінде 5 290 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстарғанда өсім – 274%. Салынған айыппұлдың жалпы сомасы 29 млн теңгеден асқан", - деп жазылған хабарламада.

Осылайша, елордада жолақысын төлемейтіндер саны 4 есе өскен

Сонымен қатар жолаушылар арасында жеңілдетілген және оқушыларға арналған жол жүру картасын пайдаланатындар анықталған. Көлік бақылау қызметкерлері осындай 1 111 картаны тәркілеген. Оның ішіндегі жеңілдігі бар 339 карта, оқушыларға арналған 772 карта.

Елордадан кейін жолақысын төлемегені үшін жауапкершілікке тартылғандар саны бойынша Алматы тұр. Мұнда 1 524 адам заң бұзған.
Шығыс Қазақстан облысында 1 мың 26 жолаушы жол ақысын төлемей, жауапқа тартылған.

Осыған байланысты City Transportation Systems компаниясы жолаушыларды жолақысын уақытында төлеуге шақырды. Бұл қаржы ең алдымен қоғамдық көліктің одан әрі дамуына, жылжымалы құрамды жаңартуға, маршруттарға автобустар қосу және жаңа бағыттарды іске қосу бағытталады.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу