Нұр-Сұлтанда "Жомарт жүрек" сыйлығының қалалық кезеңінің лауреаттары марапатталды

872

Елордада "Жомарт жүрек" сыйлығының қалалық кезеңінің лауреаттарын марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Нұр-Сұлтанда "Жомарт жүрек" сыйлығының қалалық кезеңінің лауреаттары марапатталды

Лауреаттар бірнеше номинация бойынша марапатталды.

"Жыл ұйымы" номинациясына "Нұр Әлем Қазақстан" қоғамдық қайырымдылық қоры лайық деп танылды. Қор жұмыс істеген 12 жыл ішінде Нұр-Сұлтан қаласы тұрғындарының әлеуметтік осал топтарына қайырымдылық көмек көрсетіп келеді. Қор жанында тұрақты негізде өтініш жасағандарға қажетті тұрмыстық заттар түрінде көмек көрсету үшін әлеуметтік дүкен жұмыс істейді. Пандемия кезінде аталмыш қор жеке қорғаныс құралдары мен азық-түлік өнімдерін тасымалдау бойынша қалалық волонтерлар штабына қосылып, 3000 адамды киіммен қамтамасыз етті.

"Жылдың үздік қамқоршысы" сыйлығын қалалық волонтерлік штабтың тұрақты волонтері, спорт жаттықтырушысы Меруерт Ескермес иеленді. Ол 2019 жылы өзінің волонтерлар қозғалысын ұйымдастырып, балалар үйіне, әлеуметтік осал азаматтарға көмек көрсете бастады. Пандемия кезінде жаттықтырушы болды, сөйлей алмайтын балаларды оқытты, спортпен шынықтырды, азық-түлік себетін таратуға көмек көрсетті. Волонтерлік қызмет барысында 200-ден астам акция ұйымдастырды.

"Жыл тұлғасы" ретінде Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің "Көпбейінді медициналық орталығы" директоры, медицина ғылымдарының кандидаты, ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі Мұхтар Төлеутаев танылды. Мұхтар Төлеутаев басқаратын Көпбейінді медициналық орталық – жоғары тәжірибелі кәсіби мамандары емдеудің инновациялық әдістерін қолданатын заманауи медициналық орталық.

"Dauletten" қайырымдылық қорының жетекшісі Нұрсұлтан Орынбеков "Жыл меценаты" атанды. Қор елорданың әлеуметтік осал топтары арасында 500 отбасын азық-түлікпен қамтамасыз етті. Пандемия кезінде тыныс алу аппараттарын жеткізу, тарату жұмыстарына өз еркімен қатысты.

"Туған өлке" номинациясында елордалық меценат, дизайнер, NEO Qazaq Style бағытының негізін қалаушы Мансура Жәкен жеңімпаз атанды. Әлеуметтік жобалармен айналысатын үкіметтік емес ұйымдарды қолдау мақсатында ол елордалық ҮЕҰ-ға жалпы құны 4 млн теңге болатын 17 авторлық есік сертификатын табыс етті.

Жоба жеңімпаздарына арнайы сыйлықтар мен дипломдар табыс етілді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу