Елордада жылыту маусымы сырттағы орташа ауа температурасы бес тәулік бойы +10 °С және одан төмен болған кезде басталады, деп хабарлайды әкімдіктің ресми сайты..
"ҚР 2001 жылғы 23 қаңтардағы "ҚР жергілікті мемлекеттік басқару және өзін – өзі басқару туралы" заңына, сондай-ақ елордалық мәслихаттың 2014 жылғы 27 маусымдағы шешімі брйынша жылыту маусымына дайындық және оны өткізу қағидаларына сәйкес, бес тәулік ішінде сыртқы ауаның орташа температурасы +10 °С және одан төмен болған кезде, жергілікті атқарушы орган жылыту маусымының басталуы туралы шешімі қабылдайды", – деп жазылған хабарламада.
Бұған дейін хабарланғандай, елордада энергия кешендерін, ТКШ, білім беру, мәдениет және денсаулық сақтау нысандарын дайындау бекітілген жоспар бойынша жүргізілуде.
Көппәтерлі тұрғын үй қорының дайындығы 90%-дан жоғары. Сонымен қатар, қалада күн сайын 20 мың тонна көлемінде қатты отын қоры қамтамасыз етіледі.