Нұр-Сұлтанға 6 елдің басшылары жиналады

635

ЕАЭО жөніндегі келісімге қол қойылуының 5 жылдығына орай Жоғары Еуразия экономикалық кеңесінің кезекті отырысы өтеді.

Нұр-Сұлтанға 6 елдің басшылары жиналады

29 мамырда Нұр-Сұлтанда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Нұрсұлтан Назарбаевтың еуразиялық интеграция жөніндегі идеясының 25 және ЕАЭО жөніндегі келісімге қол қойылуының 5 жылдығына орай Жоғары Еуразия экономикалық кеңесінің кезекті отырысы өтеді, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

"Іс-шараға Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев, Беларусь Республикасының президенті А.Лукашенко, Қырғыз Республикасының президенті С.Жээнбеков, Ресей Федерациясының президенті В.Путин, Армения Республикасының премьер-министрі Н.Пашинян қатысады", – делінген хабарламада.

Сонымен қатар, Еуразиялық экономикалық одақ жанындағы бақылаушы мемлекет басшысы ретінде Молдова президенті И.Додон және құрметті қонақ ретінде Тәжікстан президенті Э.Рахмон қатысады деп күтілуде.

Жиында Еуразиялық экономикалық одақ жұмысының өзекті мәселелері мен одан әрі дамуының перспективалары, соның ішінде цифрлық күн тәртібі қарастырылмақ. Сондай-ақ, Еуразиялық экономикалық одақтың 2019-2020 жылдарға арналған макроэкономикалық саясатының негізгі бағыттары талқыланбақ.

"Саммит қорытындысы бойынша мемлекеттер басшыларының – Жоғары Еуразия экономикалық кеңесі мүшелерінің Еуразиялық экономикалық одақ жөніндегі келісімге қол қойылуының 5 жылдығына орай бірлескен мәлімдемесі қабылданады, сондай-ақ, бірқатар халықаралық құжаттарға қол қойылады деп жоспарлануда",– делінген Ақорданың баспасөз хабарламасында.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу