"Сарыарқа" магистральдік газ құбырының құрылысы бойынша жұмыс кесте бойынша жүргізіліп жатыр. Бұл туралы энергетика министрлігі газ және мұнай-газ химиясы департаменті директоры Зияш Қияқбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Зияш Қияқбаевтың айтуынша, "Сарыарқа" магистральдік газ құбырының құрылысы жобасын іске асыру үшін "АстанаГаз ҚМГ" компаниясы құрылған. Оның акционерлері – "Самрұқ-Қазына" қоры және "Бәйтерек" холдингі. Осыдан тура бір жыл бұрын экономиканы жаңғырту жөніндегі мемлекеттік комиссияда қаржыландыру схемасы мен шарттары бекітіліп, жоба құрылысының жалпы құны 267,3 млрд теңгені құрайтынын жеткізді.
"Құрылыстың бас мердігері ретінде "КазСтройСервис" компаниясы айқындалды. Өткен жылдың қараша айында "АстанаГаз ҚМГ" мен "ҚазҚұрылысСервис" компаниялары арасында "Сарыарқа" магистральдік газ құбырын салу туралы шартқа қол қойылды. Бүгінгі күні жұмысқа 2 мыңға жуық маман және 900 арнайы техника жұмылдырылған. Жалпы, ұзындығы 1061,3 шақырым болатын құбырдың 906 шақырымына құбыр өнімдері жеткізілді. Газ құбырының 885 шақырымы немесе жалпы ұзындығының 83,4 пайызы дәнекерленген. Дәнекерлеудің орташа жылдамдығы тәулігіне 6-7 шақырымды құрайды. Қарағанды облысында 1 дәнекерлеу бригадасы, Ақмола облысында 3 бригада жұмылдырылды",– деді ол ведомствоның алқа отырысында.
Департамент басшысы газ құбырының 260-360 шақырымдық учаскесінде гидравликалық сынақ жұмыстары сәтті жүргізілгенін айтты.
"Осы жұмыстармен қатар дәнекерлеу түйістерін жарық сәулесінен өткізу, оқшаулау, құбырларды траншеяға салу, қайта жабу жұмыстарының да қарқыны қызу. Жалпы, жұмыс кесте бойынша жүргізілуде. Осы жылдың желтоқсан айында барлық нысандардың құрылысы аяқталады. Ол нысандар: магистральдік газ құбыры, 5 автоматтандырылған газ тарату станциясы, газ өлшеу станциясы және бақылау пункті. Яғни, магистральдік газ құбыры Нұр-Сұлтан қаласына белгіленген мерзімде – осы жылдың желтоқсан айында жеткізіледі", – деп түйді Зияш Қияқбаев.