Нұр-Сұлтанға келетін газ желісіне қосылу тегін болмайды – Қанат Бозымбаев

1033

"Сарыарқа" құбырымен газ ең алдымен жылу электр стансасына жеткізіледі. 

Нұр-Сұлтанға келетін газ желісіне қосылу тегін болмайды – Қанат Бозымбаев

ҚР энергетика министрі Қанат Бозымбаев "Сарыарқа" құбырымен келетін газды үйге дейін жеткізу шаралары туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айта кетейік, биылғы жылдың соңына дейін "Сарыарқа" газ құбырының астанаға дейінгі учаскесін аяқтау жоспарланып отыр. Оған дейін жергілікті билік газ тарату желілерін тартып үлгеруі керек. Ал әрбір үйді желіге қосқаны үшін ақы алынады.

"Иә, тегін болмайды. Бірақ оны есептеу керек. Қазір нақты бағаны ешкім айта алмайды. Әр аймақта әртүрлі баға болады. Үлкен үйлер бар, шағын үйлер бар, барлығы көлеміне байланысты болады. Мысалы, құдық (газ құдығы - авт.) үйдің жанында болса, онда көп емес. Бес-алты метрлік полиэтилен құбыры, траншея, жұмыстар, болды. Ал үйдің ауданы үлкен болса, үлкен қазандық қажет. Соған сай үлкен құбырлар да керек болады. Сондықтан, әзірше бағаның шамамен қанша болатынын айта алмаймын", – деді Қанат Бозымбаев агенттікке берген сұxбатында.

Министрдің айтуынша, "Сарыарқа" құбырымен газ ең алдымен жылу электр стансасына жеткізіледі. Соның арқасында қаланың экологиялық жағдайы жақсарады деген жоспар бар. Себебі, көмірдің орнына газ жағылады.

"Бұдан бөлек, жекеменшік сектор бар. Газ алдымен Көкталға, сосын Оңтүстік-Шығыс ауданына тартылады", – деп атап көрсетті Қанат Бозымбаев Астанада өткен жиында. 

Айта кетейік, бүгінгі шарада министр Еуразиялық экономикалық одақта ортақ энергетикалық нарықты құруға арналған xаттаманың рәсімделетінін мәлімдеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу