Кедендік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы ҚР Қаржы бірінші вице-министрі М. Сұлтанғазиев баяндады.
Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпаратына сәйкес, бүгінгі таңда ҚХР-мен шекарадағы "Алтынкөл" және "Достық – Теміржол" теміржол өткізу пункттері штаттық режимде жұмыс істеп тұр. "Қазіргі таңда 5 автожол өткізу пунктінің 4-еуі ашық және жүктерді қабылдап жатыр.
"Қалжат" өткізу пункті бүгінде эпидемиологиялық ахуалға байланысты ҚХР жағынан жабық тұр. Тараптар Қалжат-Дулаты қызметін қайта бастайтын нақты күндерді келісіп жатыр", – деді ҚР қаржы бірінші вице-министрі.
Үкімет ҚХР-дан ҚР-ға "Нұр жолы" өткізу пунктінде жүктерді ауыстырып тиеу мәселесін шешті, ал электрондық кезек ретке келтіріліп жатыр. Бұл орайда жүк тасу қызметінің ақысы 2 есе төмендейді. Кеңес барысында ҚР Премьер-Министрі қазіргі жағдайға байланысты туындап жатқан және болуы ықтимал сын-тегеуріндерге жедел ден қою қажеттігін атап өтті. Дағдарысқа қарсы шаралар жөніндегі жедел штабтың келесі отырысы 9 наурызда өтеді.