Шымкентте Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты іс бойынша сот отырысы жалғасып жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Сот процесінде сарапшы психолог Күләш Қожамжарова сұрақтарға жауап берді.
"Аффект жағдайын анықтау кезінде үш фаза қарастырылады. Олардың өзіне тән критерийлері бар. Қажетті белгілердің барлығы толық анықталмағандықтан, біз оның аффект жағдайында болмаған деген қорытындыға келдік", – деді сарапшы.
Маман сотталушы Шерхан Аймаханның қылмыс кезін есіне түсіре алмайтыны туралы мәлімдемесіне де түсінік берді. Сарапшының айтуынша, аффект жағдайында адам әдетте оқиғаның жекелеген бөліктерін есінде сақтайды.
"Қылмыс жасалған сәт есінде емес деген мәлімдеменің өзі аффект жағдайын растамайды. Аффект кезінде адам жасаған әрекеттерін әдетте ішінара, үзінді түрінде болса да есінде сақтайды. Адам жекелеген эпизодтарды есіне түсіріп, олар туралы айтып бере алады. Біздің жағдайда мұндай белгілер анықталған жоқ", – деп түсіндірді Күләш Қожамжарова.