Нұрай ісі: Шерхан Аймаханның қорғаушылары сот үкіміне апелляциялық шағым берді

Бұл ақпаратты марқұмның ағасы Сұлтан Серікбай мен жәбірленуші тараптың адвокаты Аянхан Омаров растады.   

Нұрай ісі: Шерхан Аймаханның қорғаушылары сот үкіміне апелляциялық шағым берді Фото: dalanews.kz

Осылайша, Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты іс апелляцияға жетіп отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Марқұмның ағасы мен адвокаттың сөзінше, шағымның түскені жөніндегі хабарлама 28 тамызда "Сот кабинеті" арқылы келген.

Сұлтан Серікбай апелляциялық саты бірінші инстанция шығарған үкімді өзгертуге немесе толықтай жоюға құқылы екенін айтады. Сондай-ақ, сот айыптаудың жекелеген баптарына қатысты шешімді қайта қарап, жазаны жеңілдетуі мүмкін.

Ал адвокат Аянхан Омаров апелляциялық талқылау кезінде қосымша сараптамалар тағайындалуы ықтимал екенін растаған. Оның ішінде сот-психиатриялық сараптама да болуы мүмкін. Бұл мәселе істі қайта қарау барысында шешіледі.

Қазір жәбірленуші тарап қорғау тарапының апелляциялық шағымымен танысып, оған қатысты қарсылық дайындап жатыр. Іс алдағы уақытта апелляциялық сотта қаралады.

Сонымен бірге Нұрай Серікбайдың өліміне дейінгі оқиғаларды тексерген бұрынғы тергеуші Әбілғазы Артықбайға қатысты да қылмыстық іс қозғалған. Шымкент қаласының полиция департаменті бұл ақпаратты растады.

Артықбай бұған дейін сотта куәгер ретінде жауап берген. Ол 2025 жылдың қазанында Нұрайдың алып қашылғаны туралы хабардан кейін оқиға орнына барғанын айтып, қыздың сол кезде Шерхан Аймаханмен өз еркімен бірге келгенін және ешкімге шағымы жоғын жеткізгенін мәлімдеген.

Полиция мәліметінше, бұрынғы тергеушіге қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр. Ведомство істің өзге мән-жайлары әзірге жарияланбайтынын хабарлаған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу