Алматыда интернет-банкинг арқылы ақша жымқырғандар сот алдында жауап берді, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА.
Сот материалына қарасақ, 2015 жылдың сәуір айында сотталушылар А.Митин және Р.Хусаинов Team Viewer бағдарламасы арқылы "Нұрбанк" АҚ-ның банктік шотының құпиясөзін заңсыз бұзғаны анықталған. Жетісу ауданының №2 аудандық сотының баспасөз қызметінің хабарлауынша, олар шындыққа сай келмейтін төлемдер арқылы 155 млн теңгені алдын ала құрылған "Казахстанско-производственно-коммерческая компания" ЖШС-ның "Евразийский банк" АҚ-ындағы банктік шотына аударған.
Сот үкімімен А.Митин және Р.Хусаинов Қазақстан Республикасының ҚК-нің 188 бабы 4 бөлігінің 3 тармағында көзделген қылмысты жасауда кінәлі деп танылып, осы бап бойынша А.Митинге мүлкін тәркілеу арқылы 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы, Р.Хусаиновке мүлкін тәркілеу арқылы 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, жазана түзеу мекемесінің жалпы режимінде өтеу белгіленді.
Басты сот талқылауында сотталушы А.Митин мен Р.Хусаинов тағылған айып бойынша кінәларын мойындаған жоқ.