"Абзал бір баланы пышақтап жібердім деп айтты": Сотта айыпталушы Равиль Сакиев жауап берді

478

Сот отырысы онлайн өтті. 

"Абзал бір баланы пышақтап жібердім деп айтты": Сотта айыпталушы Равиль Сакиев жауап берді Фото: Жоғарғы сот

Талдықорған қаласында марқұм Шерзат Полаттың өліміне қатысты іс бойынша сот отырысында тағы бір айыпталушы Равиль Сакиевтен жауап алынды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Оның сөзінше, оқиға болған күні Нұрқияс Ілиясовпен бірге Талғардағы "Эйфория" кафесіне барған.

"Сол жерге кіріп отырдық. Сосын бір күн бұрын танысқан Эльмирамен сөйлесіп отырып, оны дәмханаға шақырдым. Ол Данамен бірге келетінін айтты. Бір сағат болмай Абзал келді. Сағат сегіз-тоғыз шамасында кафеге Эльмира мен Дана келді. Одан кейін ауылда тұратын Азаматтың телефоны қосылғаны туралы хабарлама келді. Мен оған ватсап арқылы хабарластым. Ол үй жақта екенін айтты. Нұрқияс оны "Эйфорияға" шақырды. Бір сағат өтпей Азамат пен Шыңғыс келді. Сағат он-он бірлерде Азаматтың туған ағасы Нұрбол мен Думан келді. Оларды кім шақырғанын, қайдан келгенін білмедім. Нұрбол 15-20 минуттан кейін кетіп қалды", - деді Равиль Сакиев.

Сотталушы "Қамажай" дүкеніне барған кездегі оқиға туралы өз нұсқасын айтты.

"Маған ешкім ол жақта Нұрбол ерегесіп жатқанын ескертпеді. Мен Дарханды танымаймын. Мен ең басында дүкенге келдік екен деп көліктен түстім. Кейін сол жерде бірдеңе болып жатқанын түсіндім. Өйткені Дарханның көзі қанап тұрды, бір топ бала болды. Арасынан Нұрболды таныдым. Балалардың ортасына келіп, олармен амандастым. Мен марқұм Нұрқанат Ғайыпбаевты 2017 жылдан бері танимын. Қатты араласпасам да, көрген жерде амандығым дұрыс болатын. Онымен амандастым. Видеода мен емес, ол мені қолынан ұстап тартты. "Жүрсейші, сөйлесіп қайтайық" деді. Не болып қалды дегенімде "бір әңгіме бар айтатын" деді. Сол жердегі бір көліктің алдына қарай тартты. Ол маған "Шерзат деген інім сендердің бір балаларыңды ұрып қойыпты. Мына жерде түсініспеушілік болып жатыр" деді. Кімді ұрғанын сұрағанымда маған Дарханды көрсетті. Мен бұл баланы танымайтынымды айттым. Ол үшін келіп тұрған жоқпын дедім. Сөйлесіп тұрғанда төбелес басталып кетті. Нұрқанат бірінші кетті, мен артынан бардым. Шерзаттың достары дүкен алдында тұр екен. Сол кезде дүкен артында шу басталды", - деді айыпталушы Равиль Сакиев.

Содан кейін мылтық дыбысы естілген.

"Нұрқанатты 2-3 рет тептім. Әйелдің "скорая" деп айғайлаған дауысын естідім. Сол жерден ең бірінші болып кеттім. Артымнан басқалары 1 минут болмай жүгіріп келіп көлікке отырды. Абзал мен Азамат көліктің алдында отырды. Мылтықты екеуі әкелді. 777 дүкеніне барған кезде көліктен шықпадым. Абзал бір баланы пышақтап жібердім деп айтты. Кейіннен оның Нұрқанат Ғайыпбаевты пышақтағанын білдім", - деді сотталушы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу