Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына орай жаңа мәдениет үйі мен ескерткіші ашылды

202

Қадірлі композитор, мәдениет және өнердің аса көрнекті қайраткері Нұрғиса Тілендиевтің туғанына 100 жыл толуына орай Алматы облысы, Өтеген батыр ауылында ұлы тұлғаға арналған ескерткіш ашылып, жаңа мәдениет үйі халық игілігіне берілді.  

Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына орай жаңа мәдениет үйі мен ескерткіші ашылды Фото: gov.kz

Салтанатты іс-шара барысында Мемлекет басшысы өз құттықтау сөзінде Нұрғиса Тілендиевтің тұғырлы ескерткіші халқымыздың әйгілі тұлғаға деген ерекше құрметі мен ыстық ықыласының айғағы екенін атап өтті, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Оның айтуынша, Нұрғиса ағаның ескерткіші жоғары көркемдік талғаммен жасалып, ерекше үйлесім тапқан.

Осы орайда еліміздегі ескерткіш орнату мәселесіне де назар аударылды.

"Әрине, тарихта есімі қалған тұлғаларды ұлықтау өте маңызды. Алайда ескерткіш орнату үлкен жауапкершілікті талап етеді. Өкінішке қарай, елімізде ескерткіштерді заңсыз орнату фактілері жиі кездесіп отыр", – деді Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.

Министрдің айтуынша, ведомство жүргізген талдауға сәйкес, соңғы 5 жылда еліміздің он өңірінде 49 ескерткіш заң талаптарын сақтамай орнатылған. Ең көп заң бұзушылық Түркістан (17) және Қостанай (15) облыстарында тіркелген.

"Тіпті республикалық комиссия қолдамаған жобалар да өз бетімен орнатылып кеткен. Кейбір ескерткіштер жеке меншік аумақтарға қойылып, кейде ескерткіш пен шағын архитектуралық нысанның айырмасы да мүлде ескерілмей жатады", – деді министр.

Аида Балаева бұл бағытта мәдениет саласындағы тәртіп пен жауапкершіліктің маңыздылығын атап өтті.

"Ескерткіш орнату – тек ықылас пен ниет емес, ең алдымен тәртіп пен жауапкершілік екенін ескеру керек. Әсіресе, игі ниетпен қолдау білдіріп жүрген демеушілер мен меценаттар бұл мәселені ұдайы назарда ұстаса дейміз. Ал жергілікті атқарушы органдар заңсыздыққа жол бермей, қатаң бақылауға алуы тиіс", – деді ол.

ҚР "Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы" заңына сәйкес, монументалды өнер құрылыстарын орнату жұмыстарын жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады. Бұл тәртіп Мәдениет және ақпарат министрлігінің қағидаларымен реттелген.

Сонымен қатар, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сай, монументалды өнер нысандарын орнату ережесін бұзғандарға айыппұл қарастырылған:

  • жеке тұлғаларға – 10 АЕК,

  • лауазымды тұлғалар мен шағын бизнес өкілдеріне – 50 АЕК,

  • орта бизнеске – 100 АЕК,

  • ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 250 АЕК мөлшерінде.

"Кей жағдайларда ескерткіштер жеке меншік аумақтарға орнатылып, қоғамдық кеңістіктің эстетикалық келбеті ескерілмей жатады. Мұның бәрі түптеп келгенде тарихи тұлғаларға деген құрметтің лайықты деңгейде көрініс табуына кері әсерін тигізеді. Тарихқа адалдық тәртіптен басталады. Өйткені, ескерткіш – бұл тек өткенге құрмет белгісі ғана емес, сонымен бірге келер ұрпаққа деген ортақ аманатымыз", – деді Аида Балаева.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу