Бүгін Алматыда Балуан Шолақ атындағы спорт және мәдениет сарайы алдында 2017 жылғы 28-ші қысқы Дүниежүзілік Универсиаданың басталуына 100 күн қалғаны аталып өтіліп, спорт шарасының басты әнұраны таныстырылды, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА.
Музыкалық композицияны қазақстандық сазгер, "Золотой Граммафон" сыйлығының үш дүркін жеңімпазы Ислам Рақымжанов жазған. Оны халық алдында алғаш рет қазақстандық әншілер: Нұрлан Абдуллин мен Лорен және композиция авторы орындады.
Еске сала кетейік, бүкіләлемдік қысқы Универсиада 2017 жылы 29 қаңтар мен 8 ақпан аралығында Алматы қаласында өтеді. Қазіргі таңда 58 мемлекет жарысқа қатысатынын растады. Универсиадада спорттың 12 түрі бойынша 86 медальдар жиынтығы ұтысқа салынады.
Сондай-ақ, жарыстар 8 спорттық нысанда: "Алматы Арена" және "Халық Аренадан" бөлек, "Шымбұлақ", "Медеу", "Сұңқар" трамплині, Б. Шолақ атындағы Спорт сарайы, "Алатау" шаңғы-биатлон стадионы және Алматы облысындағы "Табаған" кешенінде өтеді.